13/05/2026
«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙТАЛАНБАС ДАРЫНЫ – ИЛЬЯ ЖАҚАНОВ 90 ЖАСТА»
Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі және суретші Илья Жақановтың 90 жасқа толуына орай Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Руханият және тарихтану орталығының Мәжіліс залында салтанатты кездесу өтті.
Алдымен Илья Жақановтың жеке тектік қорынан көрме дайындалып, өнер иесі мен келген қонақтарға көрсетілді.
Іс-шара барысында өңір басшылығы атынан Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Құралбайұлы Илебаев Илья Жақановқа шапан жауып, естелік сыйлық табыстады. Бұл рәсім ұлы тұлғаға деген шексіз құрмет пен ізеттің белгісі болды.
Кездесуді Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің директоры Ляззат Кожаханова мен «Қарахан» журналының бас редакторы, Тараз билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков жүргізді.
Құрметті қонақтар – медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, Жамбыл облысы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, бастауыш ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Мадиева, жазушы, еңбек сіңірген қайраткер Көсемәлі Сәттібайұлы және басқалар Илья Жақанов жайлы жылы естеліктер айтып, оның еңбегінің ұлт өнері мен әдебиетінде алар орны ерекше екенін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде Илья Жақановтың жеке тектік құжаттары мемлекеттік сақтауға қабылданғаны туралы куәлік салтанатты түрде тапсырылды. Бұл – оның мұрасының ұрпаққа мәңгі жететінінің айқын дәлелі.
Кездесуге Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық, қалалық және аудандық архивтер, ардагерлер кеңестері, музей, «Арай» газеті басшылары мен қызметкерлері, ақын-жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері қатысты.
Кештің шырайын келтірген әнші Бекарыс Көштай «Жайлаукөл кештері», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Балқантау» әндерін орындап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады.
Кеш соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, бұл шара ұлы тұлғаға деген құрметтің жарқын үлгісі болып тарихта қалды.