03/06/2026
⚜️ Жыл маманы - 2026: үздік кітапханашылар анықталды
⚡️ Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлері арасында кәсіби шеберлікті арттыруға, шығармашылық бастамаларды қолдауға және кітапхана саласының үздік мамандарын анықтауға бағытталған «Жыл маманы – 2026» облыстық байқауы өтті.
📌 Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
📍 Байқауға облыстың әр ауданынан келген 35 жасқа дейінгі 8 кітапхана маманы қатысып, кәсіби біліктілігі мен шығармашылық әлеуетін үш кезең бойынша сынға салды. Қатысушылар «Заманауи кітапханашы» кәсіби таныстырылымы, «Цифрлы кітапхана» виртуалды кітап көрмесі және «Шығармашылық шабыт» мәдени-ағартушылық жобасы номинациялары бойынша бақ сынады.
✅ Тартысты өткен додаға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова мен Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана директорының орынбасары Назым Мұхамбетиярова болып, қатысушылардың жұмыстарын әділ бағалады.
📝 Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Гүлдана Шапенова жеңіп алды. І орын Мойынқұм ауданынан келген Арайлым Жаманқұловаға бұйырса, ІІ орынды Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Ақерке Мамашариева иеленді. Ал ІІІ орын Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жарқынай Жамалбаеваға табысталды.
📎 Сонымен қатар, байқауға белсенді қатысқан Байзақ, Қордай, Сарысу және Шу аудандық кітапхана жүйелерінің мамандары естелік сыйлықтармен марапатталды.
‼️ Айта кетейік, «Жыл маманы» облыстық байқауы кітапхана саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттап, жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету мақсатында сегізінші жыл қатарынан тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.