02/06/2026
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургтер қоғамдастығының отырысы өтті
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында облыстық нейрохирургтер қоғамдастығының кезекті отырысы өтті. Жиынға өңірдің нейрохирургиялық қызметінің жетекші мамандары қатысып, өзекті мәселелерді талқылады. Отырыста Нұржан Айтымбетов, Жандос Семизтаев, Ғалымжан Байғонысов, Жасұлан Наурызбаев, Қазбек Тақымай, Еркебұлан Меркібеков және Инаятдин Муэтдинов баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында орталық жүйке жүйесінің нейрохирургиялық аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Атап айтқанда, Жамбыл облысында заманауи нейрохирургиялық көмекті дамыту, жоғары технологиялық операциялардың қолжетімділігін кеңейту, бөлімшенің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, жаңа диагностикалық және емдеу әдістерін енгізу, сондай-ақ медициналық кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Отырыста нейрохирургия бөлімшесін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, операциялық микроскопты жаңарту, нейромониторинг жүйелері мен бассүйек ішілік қысымды өлшейтін датчиктерді сатып алу қажеттігі атап өтілді. Бұл өз кезегінде күрделі жарақаттар мен орталық жүйке жүйесі аурулары бар науқастарға жасалатын операциялардың қауіпсіздігін арттырып, ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аудандық ауруханалардағы дәрігерлердің, әсіресе травматологтар мен хирургтердің біліктілігін арттыру мәселесі көтерілді. Бұл науқастарды дер кезінде анықтап, мамандандырылған нейрохирургиялық көмекке бағыттауға мүмкіндік береді. Осы бағытта алдағы уақытта оқыту семинарларын, тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру және еліміздің жетекші медициналық ұйымдарымен тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.
Жамбыл облысының бас нейрохирургі, облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің хирургия және инновациялар жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры Асқар Садықовтың айтуынша, алдағы кезеңдегі маңызды бағыттардың бірі – Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Бұл өз кезегінде заманауи емдеу технологияларын енгізуге, мамандардың біліктілігін арттыруға және өңірде ғылыми бағытты дамытуға жол ашады.
Отырыс қорытындысы бойынша нейрохирургтер қоғамы бөлімшенің ғылыми жұмысын жандандыру, хирургиялық емдеудің аз инвазивті және эндоскопиялық әдістерін кеңінен енгізу, сондай-ақ облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жүйелі түрде арттыру туралы шешім қабылдады.
Қабылданған барлық шешімдердің басты мақсаты – Жамбыл облысы тұрғындары үшін нейрохирургиялық көмектің сапасын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін арттыру болып табылады.