09/09/2016
Қазақ халқының зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен тығыз байланыста дамып келеді. Сәндік әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санауға болады. Кез келген қыз келіншектердің зергерлік бұйымдарға деген, қызығушылығы аса жоғары екенін білеміз. Қазақ зергерлері көркем бұйымдарын негізінен күміс пен мыс, қалайы қоспасы бар мыстан жасаған. Өткен жиырмасыншы ғасырға дейінгі тарихи кезеңдерде күміс немесе күмістелген қалайыдан жасалған зергерлік бұйымдарды негізінен халық арасында дәулетті адамдар тұтынған. Қазақтың әдептік заңына сәйкес зергерлік бұйымдарды тағып жүру міндетті болған. Әйелдер жас кезінен бастап өмір бойы әшекейлер таққан. Халық ұғымында олар көз сұқтан және әр түрлі аурулардан сақтайды деп есептеген. Сонымен қатар әйел әшекейлері оның жас кәрілік, мүліктік және аймақтық белгілерін көрсетіп, рәсімдік де қызметтер ақтарған. ОҚО тарихи-мәдени-этнографиялық орталық қорында қазақтың халықтық зергерлік өнер туындыларының біршама қоры жинақталған. Оның ішінде ХІХ-ХХғғ. тән шашбаулар мұражай экспозициясынан орын алған.
Шашбау – қыз келіншектің шаштарының ұшына тағатын шаштеңге, шолпы, шашбау деп аталатын әшекейлер. Шашбау шолпыдан ұзындығымен ерекшелінеді. Шаштеңгелер мен шолпылар көп жағдайда әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген. Олар бір бірімен ұзыннан- ұзақ жалғасып , шаштың ұшына дейін бірге өріледі. Шаштың ұшында салбырап тұрған әшекейлер қыз жүрісіне үн қосып тұрады. Шашбау бір- біріне сым үзбелер арқылы бекітіліп, орталарына асыл тастардан көз қондырылып сәндеген. Ұшы сәнді шашақтармен немесе күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады. Қазақта қыздың мінезін, шашбаудың сыңғырынан аңғаруға болады деген сөз бар. Сыңғырдың даусы қаттырақ шықса, қыздың мінезі шошақайлау деген, ал сыңғырдың даусы баяу шықса ол қыздың мінезі салмақты деген сөз бар.