05/06/2026
⚜️Әзербайжандық ғалым Хураман Хүммәтовамен «Қожа Ахмет Ясауи мен Сүлеймен Хәкім ата шығармашылығындағы тақырып ұқсастығы» атты онлайн семинар-сұхбат өтті
🔹«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығының кезекті «Yasawi Times» бағдарламасы филология ғылымдарының докторы, Өзбекстан «Тұран» Ғылым академиясының академигі, Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясы (АMEA) Низами Гәнжәуи атындағы Әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері Хураман Бәһмән қызы Хүммәтованың қатысуымен халықаралық онлайн семинар-сұхбат өтті.
🔹Онлайн семинар-сұхбат «Ясаиутану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлының ашылу сөзімен басталды. Сұхбаттың модераторлығын PhD Гульбану Кошенова жасады. Сұхбат барысында ортақ түркілік әдеби ой-таным жүйесінің қалыптасуы, сопылық (тасаввуф) философиясының көркемдік көріністері және Қожа Ахмет Ясауи мен оның ізбасары Сүлеймен Хәкім ата шығармашылығындағы рухани сабақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
🔹Спикер Хураман Хүммәтова өз баяндамасында Ясауи хикметтерінің тілдік табиғаты мен тарихи-контекстік маңызына ерекше тоқталды. Ғалымның пайымдауынша, қазіргі түркітану ғылымында Ясауи хикметтеріндегі сөздер мен лексикалық бірліктердің дәуірлерге қарай даму, өзгеру ерекшеліктерін және олардың қолдану аясын тарихи-салыстырмалы тұрғыдан тереңірек зерделеу қажеттігіне тоқталды. Бұл бағытта ауқымды әрі жүйелі зерттеулер жүргізу — ортақ түркі тілінің тарихи эволюциясын айқындау үшін стратегиялық маңызға ие екендігін атап өтті. Онлайн сұхбаттың соңында еркін пікірталас бөлімінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Б. Қорғанбеков спикерге маңызды сұрақ жолдады: «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің Әзербайжан фольклорына ықпалы мен әсері қандай деңгейде болды?»
🔹Бұл сауалға ғылыми тұрғыдан тұшымды жауап берген академик Х. Хүммәтова Ясауи мұрасының Әзербайжан сөз өнеріне, әсіресе халық ауыз әдебиетіне ықпалы өте терең болғанына тоқтала отырып, Ясауи хикметтеріне тән төрттік шумақтар мен өлең құрылысы (түркілік қара өлең үлгісі) Әзербайжан фольклорының жанрлық жүйесіне, соның ішінде бәйіттер мен халық өлеңдерінің поэтикасына тікелей әсер еткенін жеткізді.
🔹Хикметтерден бастау алған моральдық-дидактикалық идеялар фольклорлық алаңда трансформацияға түсіп, мақал-мәтелдер мен ғибратты аңыздардың өзегіне айналғандығын түсіндірді. Онлайн семинар-сұхбаттың соңында спикер, өз сөзін қорытындылай отырып, Қожа Ахмет Ясауи мен Хакім Сүлеймен Атаның мұралары тек ғана тарихи жәдігер емес, бүгінгі Әзербайжан мен Қазақстан, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің ортақ мұрасы деді.
Г.Кошенова, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығы Ғылыми аналитика және халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы.