03/06/2026
«AMANAT»: ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов жүргізіп, тұрғындардың арыз-өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға сондай-ақ салалық басқармалардың басшы құрамы қатысып, азаматтардың мәселелерін шешу жолдарын жан-жақты қарастырды.
Қабылдау барысында тұрғындар денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді. Әрбір өтініш бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Кездесу барысында Нұрсәт шағынауданының тұрғыны өзінің жұмыссыз жүргенін айтып, жұмысқа орналасуға көмек сұрады. Өтініш иесінің айтуынша, ол тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған және білім беру саласында еңбек етуді қалайды.
Арман Сәбитов азаматтың жағдайымен мұқият танысып, мәселені жауапты мамандармен бірге талқылады. Нәтижесінде өтініш иесіне жұмыспен қамтуға қатысты қолданыстағы мүмкіндіктер түсіндіріліп, жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, оған жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді байланыстыратын www.Enbek.kz порталы арқылы қолжетімді бос жұмыс орындары көрсетіліп, қажетті бағыт-бағдар берілді.
Қабылдау барысында көтерілген өзге де мәселелер назарға алынып, олардың шешу жолдары қарастырылды. Бірқатар өтініштер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бақылауға алынды.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешуге ықпал ету, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты нығайту.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткізілетін қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге және халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінде бұл жоба азаматтардың талап-тілегін тыңдап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңына айналып отыр.