04/06/2026
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауы
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көк туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – елдігіміздің, егемендігіміздің қастерлі бойтұмары. Олар халқымыздың терең тарихын паш етіп, бай мәдениетіміз бен асқақ рухымызды бейнелейді.
Әлемнің биік мінберлерінде Көк байрағымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалған сәтте әрбір қазақстандықтың жүрегінде шексіз мақтаныш сезімі ұялайды. Рәміздеріміздің тұғырда берік әрі биікте тұруы – халқымыздың мызғымас ауызбіршілігі мен мемлекетіміздің біртұтастығының айғағы.
Жаңа Конституциямыз аясындағы ауқымды реформалар мен «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы қадамдарымыз мемлекетіміздің іргесін бекітіп, рәміздеріміздің қадір-қасиетін одан сайын арттыра түспек. Тәуелсіздіктің қасиетті нышандары ұлтымызды ұлы істерге ұйыстыра берсін!
Осынау айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!
Еліміздің айбыны асқақ, Көк туымыздың тұғыры әрдайым биік болсын!