14/05/2026
📌 ИНСПЕКЦИЯНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
ҚР АШМ ВБжҚК-нің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясында ағымдағы жылдың 13 мамыр күні жұмысқа жаңадан қабылданған мамандармен мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп нормалары мен заңнамада белгіленген шектеулерді түсіндіру мақсатында жеке қабылдау өткізілді.
Инспекцияның әдеп жөніндегі уәкілі Б. Базарханов жас мемлекеттік қызметшілерді жеке қабылдап, мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін міндеттер мен жауапкершіліктер жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, жұмыс орнындағы тәртіп, азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасау мәдениеті, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын бірқатар шектеулерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда:
🔹 құмар ойындарға және ойын бизнесіне қатысуға жол бермеу;
🔹 кәсіпкерлік қызметпен айналыспау;
🔹 сенімгерлік басқаруға берілмеген жағдайда коммерциялық ұйымдарды басқаруға қатыспау;
🔹 сыйақылар, сыйлықтар мен материалдық игіліктер қабылдамау;
🔹 қызметтік өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдаланбау;
🔹 мүдделер қақтығысына жол бермеу;
🔹 қызметтік ақпаратты жеке мақсатта қолданбау.
Жас мамандарға мемлекеттік қызметші әрдайым адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алуы қажеттігі атап өтілді.
✅ Мұндай түсіндіру жұмыстары мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге, қоғам сенімін арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.