26/06/2026
Білім сапасы – болашақ кепілі: Ақмола облысындағы жүйелі жұмыс
Қазіргі қоғамда білім сапасы – елдің зияткерлік әлеуетін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өңірдегі білім беру жүйесінің сапасын арттыру жолында маңызды миссия атқарып келеді.
Аталған департамент Комитеттің аумақтық бөлімшесі ретінде мемлекеттік білім беру саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып, стратегиялық міндеттердің орындалуына серпін береді. Оның қызметі білім беру ұйымдарының жұмысын үйлестіруге, олардың заңнамалық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және сапалы білім берудің тұрақты негізін қалыптастыруға бағытталған.
Департамент жұмысының негізгі өзегі – білім сапасын арттыруға арналған кешенді шаралар жүйесі. Солардың бірі – мемлекеттік аттестаттау. Бұл үдеріс білім беру ұйымдарының қызметін жан-жақты саралап, олардың нақты деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, білім беру қызметіне лицензия беру және оған өзгерістер енгізу рәсімдері де сапаны реттеудің маңызды тетігі болып табылады. Бұл оқу орындарының заң аясында қызмет етуіне және білім беру бағдарламаларын үздіксіз жетілдіруіне жол ашады.
Бақылау мен мониторинг – департамент қызметінің ажырамас бөлігі. Бұл бағытта білім беру ұйымдарының мемлекеттік стандарттарға сәйкестігі тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылданады. Жүйелі жүргізілетін мониторинг нәтижелері білім беру саласын дамытуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдауға негіз болады.
Сонымен қатар, департамент тарапынан жүргізілетін сырттай бағалау білім беру ұйымдарының қызметін тереңінен зерделеуге мүмкіндік береді. Оқу-тәрбие үдерісі, педагог кадрлардың кәсіби деңгейі, басқару сапасы мен материалдық-техникалық база кешенді түрде сараланып, нәтижесінде білім сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленеді.
Педагогтердің кәсіби дамуы да назардан тыс қалмайды. Түрлі семинарлар, тренингтер мен әдістемелік кеңестер арқылы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және олардың заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруіне жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде білім беру үдерісінің тиімділігін арттыра түседі. Педагогтердің құқықтарын қорғау мәселелерін жедел қарау, туындаған сұрақтар мен ұсыныстарды қабылдау мақсатында «Педагогті қорғау» чаты құрылған. Қорытындылай келе, Ақмола облысының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті өңірдің білім беру жүйесінің тұрақты дамуын және сапалы білім беруді қамтамасыз ету мәселелерін шешеді. Оның қызметі тек бақылау мен бағалаумен шектелмей, білім беру кеңістігін жаңғыртуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және педагогикалық қауымдастықты қолдауға бағытталған. Бұл – балаларымызға сапалы білім беруді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы
Қабдрахманова Жанар Жанатайқызы