10/02/2026
✔️ Жаңа Конституция саяси жүйенің дамуын жүйелейді – Президент
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Бұл, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкенін байқауға болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы.
Сондай-ақ Президент 2022 жылғы конституциялық реформаны қоса алғанда, соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар мемлекеттің конституциялық негізін толық қайта құру қажеттігін көрсеткенін атап өтті. Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік өкілеттіктерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқын көрініс тапқан. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан 2019 жылдан бері осы бағытта дәйекті түрде алға жылжып келеді.