29/05/2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, кәсіби әрі нәтижеге бағдарланған кадрлық құрамды қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – өңірлік кадрлық резерв институтын қалыптастыру.
Өңірлік кадрлық резерв – жергілікті деңгейде кәсіби, бастамашыл және бәсекеге қабілетті мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған тиімді кадрлық тетік. Бүгінде бұл бастама нақты нәтижесін көрсетіп, резерв мүшелері мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарға тағайындалуда.
Осы ретте, Алматы облысының өңірлік кадрлық резервіне алынған резервші Жағыпбердиева Ақсүйген Туракалдықызы Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымына конкурс өткізілместен тағайындалды. Аталған тағайындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды.
Жағыпбердиева Ақсүйген Тұрақалдықызы мемлекеттік қызмет саласында елеулі тәжірибесі бар маман. Ол еңбек жолын 2014 жылы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман міндетін атқарушы ретінде бастап, кейін осы мемлекеттік органда бас маман лауазымында ұзақ жылдар қызмет атқарған. Жалпы мемлекеттік қызмет өтілі 11 жылдан асады.
Сонымен қатар, Ақсүйген Тұрақалдықызыжоғары білімді, туризм және құқық мамандықтары бойынша білім алған. Оның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі жаңа лауазымда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысының өңірлік кадр резервіне алынған 26 резервшінің 14-ірезерв шеңберінде жоғары лауазымдарға тағайындалды. Бұл жалпы резервшілер санының 54 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, 2 резервші резервтен тыс жұмысқа орналасты. Осылайша, бүгінгі күні жалпы 16 резервшінемесе 61,5 пайызы жұмыспен қамтылып отыр.
Жағыпбердиева Ақсүйгеннің тағайындалуы – өңірлік кадр резерві тетігінің тиімділігін көрсететін нақты мысалдардың бірі. Бұл бастама өңірлердегі кәсіби, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті азаматтарды мемлекеттік қызметке тартуға және жергілікті атқарушы органдардың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды жоба болып қала береді.