04/06/2026
Маңғыстаулық спортшы Асқар Шоханов әлем чемпионатында үш бірдей рекорд жаңартты
Ақтауда штанганы жатып сығымдау және пауэрлифтингтен әлем чемпионатында топ жарған маңғыстаулық спортшы Асқар Шохановты салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Польшаның Варшава қаласында өткен әлем біріншілігіне 40-тан астам мемлекеттен 1300-ге жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Асқар Шоханов 105 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, төрт дүркін әлем чемпионы атанды.
Әлемдік додада маңғыстаулық спортшы жоғары нәтиже көрсетіп, бір жарыстың өзінде үш әлемдік рекорд жаңартты. Жалпы чемпионат барысында бес әлемдік рекорд тіркелген.
Асқар Шохановтың айтуынша, жетістікке ұзақ жылғы жүйелі дайындық пен табанды еңбектің арқасында қол жеткізген.
- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым өте мықты болды. Чемпионатта бес әлемдік рекорд жаңартылды. Өткен жылы бір әлемдік рекорд орнатсам, биыл үш әлемдік рекорд жаңарттым. Бұл спорт түрімен айналысып келе жатқаныма шамамен 25 жыл болды. Осындай нәтижеге жету үшін үздіксіз дайындық қажет. Жаттығуларымды Ақтау қаласында өткіземін, - деді спортшы.
Сонымен қатар Асқар Шоханов абсолюттік салмақ дәрежесінде де үздік үштіктен көрініп, қола жүлдеге ие болды.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте үшінші орын алды. Құрама сапында әртүрлі салмақ дәрежелерінде 25-ке жуық спортшы өнер көрсетті.
Айта кетейік, Асқар Шоханов өткен жылы да әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленген болатын. Биылғы жетістігі арқылы ол өзінің әлемдік деңгейдегі шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстан мен Маңғыстау өңірінің мерейін үстем етті.