01/11/2025
Атырау облысының Дін істері басқармасының ресми хабарламасы📃
Атырау облысы Дін істері басқармасы мен Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бірлескен іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Атырау қаласының бірнеше шағын аудандарында күмәнді мазмұндағы діни әдебиеттерді таратқан азаматша С.Н., 1958 жылы туған анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Аталған тұлғаның әрекеттеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449 және 490-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Тіркелген діни әдебиеттер тиісті тәртіппен Дін істері комитетінің дінтану сараптамасына жолданды.
Қазіргі таңда азаматша С.Н.-ның Атырау облысындағы ресми тіркелген діни бірлестіктерге қатысы жоқ екендігі анықталды.
Атырау облысының Дін істері басқармасы азаматтарды діни мазмұндағы әдебиеттерді тарату кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға және ресми тіркелген діни бірлестіктер мен уәкілетті органдардың рұқсатынсыз діни материалдарды таратуға жол бермеуге шақырады.