16/10/2025
Маңғыстау облысында жолдардың сапасын бақылау күшейтілді.
Ұлттық сапа орталығы жол құрылысы нысандарының жай-күйін мемлекеттік уәкілетті мекемемен бірлесе қадағалауға уағдаласты.
Осы мақсатқа Ақтаудағы жол зертханасында танымдық шара ұйымдастырылды.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері жол құрылыс материалының талапқа сәйкестігін тексеру тәсілдерімен іс жүзінде танысып, жолшылармен өзара тәжірибе алмасты.
«Жол құрылысы жүріп жатқан нысанда кей жағдайда техникалық бақылаушы болмай қалып жатады. Бұл, жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуына кері әсер етеді. Біздің мақсатымыз - осындай заңбұзушылықтың алдын алу» - дейді мамандар.
Айта кетсек, биыл облыс аумағында 50-ден астам жол құрылысы нысанында 464 рет бақылау жүргізілген. Мамандар жолдардан алған 1500-дей сынаманың 29%-ы талапқа сәйкес келмей шықты. Енді ол учаскелер мердігер қаржысына қайта төселеді.
АДАЙБЕК ҚАЛИЕВ, ҚР КМ «ЖАҰСО» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Мердігер мекемелер, техникалық қадағалаушы мекемелердің өкілдері кейде болуы мүмкін обьектілерде, кейде келмеуі де мүмкін. Сондай жағдайлардың барлығында тиісті шарасын алу үшін жергілікті әкімдікпен, яғни Маңғыстау облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен бірлесе жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз - мердігерлердің де, техникалық қадағалаушылардың да жауапкершілігін арттыру. Жолға деген жауапкершілігін. Сол арқылы жолдың сапалы, дұрыс салынуын қадағалау.
ДӘУРЕН ӨТЕПҚАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Кернді алғаннан бастап қорытындысы шыққанға дейінгі аралықта процесс қалай жүреді. Соны біздер қарап таныстық. Себебі, бұл мекемемен алдағы уақытта біздер тығыз жұмыс жасайтын боламыз. Қандай да бір әкімшілік шараларды қабылдау үшін бізге кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес нақты айқындалған дәлел болған жағдайда ғана біз тексеріс аша аламыз. Бұл лабораторияның ең бастапқы жұмысымен танысу - ол өзіміздің тәжірибемізге қосылатын үлес.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы