05/06/2026
«Психолингвистиканың өзекті мәселелері» халықаралық дөңгелек үстелі өтті
🔹️Кеше Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Психолингвистика бөлімінің жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын "Тіл және сана" ғылыми-лингвистикалық алаңы аясында «Психолингвистиканың өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
🔹️Іс-шараның мақсаты – психолингвистика саласындағы заманауи ғылыми бағыттарды талқылау, тіл мен сана мәселелеріне қатысты өзекті зерттеулердің нәтижелерімен бөлісу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту. Дөңгелек үстелді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан ашып, психолингвистиканың қазіргі ғылымдағы орны мен маңызына тоқталды.
🔹️Жиынға Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Низами атындағы Тіл білімі институты Психолингвистика бөлімінің жетекшісі Майыл Әскеров қатысып, концепт ұғымының қыр-сырына талдау жасады, сонымен қатар Ресейдің Экономика Жоғарғы мектебі "Тіл және Ми" орталығының директоры Ольга Драгой келіп өзінің клиникалық лингвистика аясындағы зерттеулерінен қызықты баяндамасымен тәнті етті. Сондай-ақ еліміздің атаулы жоғары орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары зерттеушілері қатысып, клиникалық-лингвистикалық шкалаларды бейімдеу, көптілді білім беру ортасындағы балалардың тілдік дамуы, этнографизмдердің семантикалық ерекшеліктері, балалар тілінің психолингвистикалық аспектілері, ассоциативті сөздік мәселелері, ауызша сөйлеудің прагма-психолингвистикалық қырлары және айтрекингілік зерттеулер секілді өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасады.
🔹️Дөңгелек үстел аясында қатысушылар пікір алмасып, психолингвистика, когнитивті лингвистика және эксперименттік зерттеулердің болашақ даму бағыттарын талқылап, іс-шара соңында тақырып бойынша өзекті сұрақтарға жауап тапты.