20/03/2026
Бүгін Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кітапханашысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың туғанына 100 жыл.
Нәзира Дәулетова саналы ғұмырының 40 жылын Ұлттық кітапхананың дамуына арнап, 1963–1987 жылдар аралығында кітапхана директоры қызметін атқарды. Қайраткердің басшылығы кезеңіндегі ең елеулі жетістіктердің бірі – қазіргі Абай даңғылындағы кітапхана ғимаратының салынуына тікелей мұрындық болуы. Осы мақсатта Н.Дәулетова мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, кітапхана құрылысының стратегиялық маңыздылығын кәсіби деңгейде дәлелдеп шықты. Нәтижесінде 1971 жылы 1 маусымда пайдалануға берілген жаңа ғимарат әлемдік стандарттарға сай жабдықталып, республиканың басты руханият ордасына айналды. Н. Дәулетованың бастамасымен кітапхананың ғылыми кеңесіне Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев сынды зиялы қауым өкілдері тартылып, мекеме жұмысы сапалы жаңа деңгейге көтерілді.
Ғалым-педагог ретінде Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихы мен дамуын зерттеген тұңғыш қазақ қызы болды. Оның қаламынан 50-ден астам ғылыми мақала мен 4 іргелі монография жарық көрді. Кітапхана саласындағы қажырлы еңбегі үшін Нәзира Қожахметқызы «Ленин» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бүгінде тұлғаның есімін жадымызда қалдыру мақсатында Ұлттық кітапхананың конференция залына қайраткер есімі берілді.
Осы айтулы мерейтой аясында мамыр айында «Нәзира Дәулетова және жасанды интеллектің дамуындағы кітапхана ісі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.
Сонымен қатар кітапханада ғалымның өмірі мен қызметіне арналған ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Н. Дәулетованың мақалалары, диссертациялық еңбегі, кітапхана басшысы болған кезеңдегі бұйрықтар мен қаулылар, фотоальбомдар, сондай-ақ халықаралық жиындардағы сирек суреттері қойылып, оның бай ғылыми мұрасы кеңінен насихатталуда.