16/11/2020
Кәсіпкерлердің қатысуымен онлайн кездесу өткізілді
Облыс прокуратурасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау саласында туындайтын жүйелі мәселелерді анықтап, түйінін тарқату үшін осы жылдың 4 қарашасында Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасымен бірге тікелей эфирде кәсіпкерлермен жүздесті.
Осы шараға қадағалау және бақылауды жүзеге асыратын органдар өкілдері де қатысты.
Жиында облыс прокурорының орынбасары Е.Тұрмағамбетов бизнес ахуалына қатысты Мемлекет Басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Рсепубликасы Бас Прокурорының кәсіпкерлік саласында қадағалауды күшейту туралы тапсырмасы негізінде бизнес субъектілеріне кең мағлұмат берді.
Мемлекет Басшысының Жолдауына сәйкес кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгіну керектігі және барлық прокуратура органдарында «Бизнесті қорғау» жедел топтары құрылғаны хабарланды.
Тікелей эфирге 30-дан астам кәсіпкер қоңырау шалып, байланысты.
Бизнес субъектілері жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, экология саласындағы ахуалды мәселелері мен бақылау органдарының тексеріс жүргізуді тіркеу заңдылығына қатысты сұрақтарын қойды.
Оларға қолданыстағы Заң талаптары шеңберінде нақты жауап беріліп, жекелеген кәсіпкерлерге прокуратура органдарына өтінішпен жүгіну құқығы түсіндірілді.
Бірқатар мәселелер қадағалау органының бақылауына алынып, тиісті прокурорларға тапсырма берілді.
Кәсіпкерлермен онлайн форматтағы кездесулер облыс прокуратурасымен жиі өткізілетін болады.