25/05/2026
Маңғыстауда Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның негізгі талаптары түсіндірілді
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» заңына және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Жаңа құжат мемлекеттік қызмет жүйесін заман талабына сай жетілдіруге және оның тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов айтты.
Спикердің айтуынша, заң Қазақстан Республикасының 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы аясында әзірленген. Негізгі мақсат – азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру.
-Жаңа заң мемлекеттік қызметтің мақсаты мен қағидаттарын нақты айқындайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің азаматтарға қызмет көрсету мәдениетін жетілдіруге ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың сұранысына жауап беретін, ашық әрі жауапты маман болуы тиіс. Сондай-ақ заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігін нығайтуға бағытталған мінсіз бедел институты енгізіліп отыр, - деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Брифинг барысында спикер, заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке жас әрі талантты мамандарды тартуға мүмкіндік беретін арнайы даярлау институтының енгізілуін атап өтті. Бұл жүйе болашақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, енді кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Жаңа заңда «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін көлденең мансаптық ілгерілету тетігі қарастырылған. Бұл қызметкерлердің кәсіби деңгейіне қарай еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге жол ашады. Тәртіптік жауапкершілік мәселелері де қайта қаралған. Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай сараланып, жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды ескеру тәртібі нақтыланған.
Бұдан бөлек, заңда мемлекеттік қызметшілердің қызметіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар енгізіліп, мемлекеттік органдардың жұмысына жәрдемдесетін тұлғалардың құқықтық мәртебесі нақтыланған.
Айта кетейік, жаңа заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.