10/01/2024
Жиырмаға келіп ішіме сөз түсіп, мүшемнен буынып жазушы болам деп жүрген кезім. Мүсілім атамның үйіне ара-тұра барып жүремін. Кейде бұрынғы «Шығысақпарат» медиахолдингінің жанындағы аулада шалдармен карта ойнап отырғанын көремін. Басында өзі сәндеп тіккен ақ қалпақ, үстінде ақ көйлек, сұр сүртік. Шағаладай. Бір қызығы, шахмат ойнамайтын. Бәрін жеңіп жалыққан ғой. Мен үйіне келгенде, кіші атам «Қазақстанын» бұрқыратып, теледидар көріп, я кітап оқып отырады. Екеуміз жайбарақат әңгімелесіп, шахмат ойнаймыз. Мен жеңіліп қала беремін. Біраздан соң Мүсекем жалығады. Шахматты жиып тастаймын.
- Ауылға барып келдің бе, - дейді.
- Барып келдім, - деймін.
- Әкең не істеп жүр.
- Мал-жан... баяғы.
- Атаң да қыбырлап бір орнында отырмайтын шығар.
- Рас, - деймін күліп. – Отырмайды.
- Өмір-бақи қара жұмыс істеген адам, қалай отырсын. Бәрі денсаулықтың арқасы. Жетпісінде аттан құлап иығын сындырып, құлағы салбырап терісіне әрең ілініп тұрғанда қыңқ етпеген атаң сойқан адам ғой. – Кеңкілдеп күледі. – Бала кезімнен темекі тарттым. Темекі болғанда, жылқының кеуіп қалған қиын орап тартамыз. Қызық көреміз. Үлкендердің махорка салынған дорбасын аңдып жүріп, қиып кеткен кезіміз болды. Олжа, кәдімгідей. Бірталай уақытқа жетеді. Содан не керек, Әуез көріп қойды, бір күні. Жақсылап тұрып сабады. Тағы ұсталдым. Тағы сабады. Ерегесіп, тартып жүре бердім. Ол да білді. Тәтемізге барып айтыпты, мына Мүскен тығылып темекі тартып жүр, бір күні шөпті өртейді, одан да тығылмай тартсыншы, депті ғой.
Мен мәз болып күлемін.
- Өзің... - дейді маған сынай қарап. – Не бітіріп жүрсің? Жазып жүрсің бе?
- Жоқ, - деймін.
- Әй, қашан жазасың-ей, - деп кейіп алады. – Абай құсап қырыққа келгенде жазасың ба?
- Жоқ, - деймін. – Әлі оқуым аз. Жазуым өзіме ұнамайды.
- Оқыған сайын білмейтінің көбейе береді. Ұнаса да, ұнамаса да, жазу керек. Қырық жас деген... кеш. Данышпан болмасаң. Абай – данышпан, оған кешірімді. Әсілі, жиырманың өзі кеш. Қиын іске бел буған екенсің, сенен жазушы шыға ма, жоқ па, білмеймін. Жазушылықта нең бар, инженер болып жүре бермейсің бе. Ақшасы да көп, ала қағаз деп басың да ауырмайды.