13/02/2025
Respublica мәлімдемесі: ҚҚС 12% деңгейінде қалуы керек
Respublica партиясы алғашқылардың бірі болып ҚҚС мөлшерлемесін 20% - ға дейін көтеру және ҚҚС бойынша есепке қою үшін шекті 15 млн теңгеге дейін төмендету туралы Үкіметтің бастамасына қатысты өз ойын білдірген еді. Фракция депутаттары мен партия көшбасшылары мұндай шаралар бағаның өсуіне, азаматтардың сатып алу қабілетінің төмендеуіне, шағын және орта бизнеске жүктеменің артуына әкелетінін айтты.
Мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, бастапқы мөлшерлеменің асыра бағаланғанын, сараланған шешім қабылдауға шақырды, осы тапсырмадан кейін Үкімет өз ұсыныстарын қайта қарады. Бүгін өткен Үкімет отырысында жаңартылған ұсыныстар жария етілді: енді ҚҚС-тың негізгі мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босату, ал бірқатар сала үшін аралық мөлшерлемені 10% - ға енгізу ұсынылады.
Respublica сараланған салық салу принципін қолдайды, бірақ көптеген салалар үшін ҚҚС 12% деңгейінде қалуы керек деп санайды.
Бұған дейін партия төрағасы және Мәжілістегі фракция басшысы Айдарбек Қожаназаров жүйенің теңгерімді болып қалуы үшін салықтық өзгерістер кешенді түрде қабылдануы тиіс екенін атап өткен болатын. "Салық кодексін қабылдау – бұл мемлекетпен диалог құра отырып, тығыз байланыста жұмыс жасауды көздейді. Біз фракция ретінде бизнестің өмір сүруіне емес, дамуына мүмкіндік беретін жағдай жасау үшін жұмыс істейміз", - деді ол.
Партияның тең төрағасы Максим Барышев ҚҚС-ты 20% - ға дейін көтеру - салықтарды төмендетудің әсерін жоққа шығаратынын, ал шекті 15 млн теңгеге дейін төмендету - шағын бизнесті бағаны көтеруге немесе көлеңкеге түсуге мәжбүр ететінін атап өтті. Бұл салықтық әкімшілендіруді қиындатады және бухгалтерлік қызметтер мен салық органдарының шамадан тыс жүктелу қаупін тудырады.
"Ауыл шаруашылығы өнімдері үшін 0% - бұл дұрыс қадам, бірақ басқа салалардағы ҚҚС-тың көтерілуі сөзсіз бағаның өсуіне және кәсіпкерлерге қосымша жүктеме әкеледі. Біз базалық мөлшерлеменің 12% деңгейінде қалуын талап етеміз", - деп атап өтті Respublica партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Respublica не ұсынады?
Партия келесі қадамдарды қолдайды:
✅ Салық жүйесін жеңілдету,
✅ Бизнес пен азаматтарға жүктемені азайту,
✅ Экономикалық өсуді ынталандыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау.
Партия Үкіметтің назарын бизнесті дамыту үшін болжамды және қолайлы жағдайлар жасауға аударуды шақырады.