31/05/2026
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Бүгін күллі Қазақстан ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы зұлмат жылдардың салдарынан тағдыры тәлкекке түскен миллиондаған жанды еске алуда. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві тарихи жадымызды сақтауға бағытталған ғылыми және ағартушылық іс-шараларды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Биыл да бұл игі үрдіс өз жалғасын тапты.
Осы айтулы күннің қарсаңында Архивтің Алматы қаласындағы филиалында қуғын-сүргінге ұшыраған ғалымдар мен еліміздің ғылыми зиялы қауым өкілдерінің тағдырына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуға тарихшылар, архив мамандары, зерттеушілер, ғылыми қауымдастық өкілдері және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.
Жиында Жұмахан Күдерин, Қайым Мұхамедханов, Ғазымбек Беремжанов, Әлкей Марғұлан және тағдыр жолы ел тарихының қасіретті кезеңдерімен сабақтасқан басқа да зиялы қауым өкілдеріне арналған тың зерттеулер таныстырылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Қойгелдиев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ кафедра меңгерушісі Г.Нұрымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Қ.Балтабаева қатысқан пікірталас академиялық талқылау аясынан асып түсті. Онда тарихи әділеттілік пен адам тағдырлары ғана емес, ұлттық жадымызды сақтау жолындағы ортақ жауапкершілігіміз де сөз болды.
Бұдан бөлек, Архив қорларында сақталған құжаттар негізінде дайындалған тарихи-құжаттық көрме көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияға Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Әлімхан Ермеков, Беремжановтар әулеті, Санжар Асфендияров, Қаныш Сәтбаев, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Қайым Мұхамедханов және басқа да тұлғалардың өмір жолына қатысты құнды деректер енгізілді.
Көрменің жекелеген бөлімдері Қазақстандағы академиялық ғылымның қалыптасуына, «буржуазиялық ұлтшылдық» айыбымен қудаланған ғалымдардың тағдырына, сондай-ақ соғыстан кейінгі кезеңдегі гуманитарлық салада жүргізілген идеологиялық науқандарға арналды.
Айта кетсек, Президент Архиві құжаттық мұраны азаматтар мен зерттеушілер үшін барынша қолжетімді ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта сұраныстардың 90 пайыздан астамы электрондық форматта орындалады. Бұл еліміздің түкпір-түкпіріндегі халыққа қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бұл қызметтің қоғам үшін маңыздылығы өтініштер санының артуынан да айқын байқалады. Егер 2020 жылы Президент Архиві 400-ден астам әлеуметтік-құқықтық және тақырыптық сұранысты орындаса, 2025 жылы олардың саны екі мыңға жуықтады. Аталған әрбір өтініштің артында отбасы тарихы мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауға деген ұмтылыс жатқаны анық.